logo Ministry of Foreign Affairs
People's Democratic Republic of Algeria
Embassy of Algeria in Astana

АЛЖИРДІҢ 1954 ЖЫЛҒЫ 1 ҚАРАШАДА БАСТАЛҒАН ҰЛТ-АЗАТТЫҚ РЕВОЛЮЦИЯСЫНЫҢ 72 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ЕЛШІНІҢ СӨЗІ

АЛЖИРДІҢ 1954 ЖЫЛҒЫ 1 ҚАРАШАДА БАСТАЛҒАН ҰЛТ-АЗАТТЫҚ РЕВОЛЮЦИЯСЫНЫҢ 72 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ЕЛШІНІҢ СӨЗІ

АЛЖИРДІҢ 1954 ЖЫЛҒЫ 1 ҚАРАШАДА БАСТАЛҒАН ҰЛТ-АЗАТТЫҚ РЕВОЛЮЦИЯСЫНЫҢ 72 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ЕЛШІНІҢ СӨЗІ

 

Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 

Ханымдар мен мырзалар!

 

Бүгін біз Даңқты Бірінші қараша революциясының басталғанына арналған тарихи күнді атап өту үшін жиналып отырмыз. Бұл – Алжир тарихының ең жарқын беттерінің бірін мақтанышпен еске алып, еліміздің азаттығы мен ұлттық қадір-қасиетін сақтау жолында ең қымбатын құрбан еткен ардақты шейіттеріміздің рухына терең құрметпен тағзым ететін ұлы ұлттық мереке.

1954 жылғы 1 қараша Алжир тарихындағы шешуші бетбұрыс болды. Дәл осы күні азаттыққа деген жігер барлық мүддеден биік қойылып, отаршылдыққа қарсы ұлттық күрес басталғанын жариялады және халықтың тәуелсіздік пен егемендікке деген ұмтылысын айқын көрсетті. Алжир халқының азаттық революциясының асыл мақсаттары төңірегінде топтасуы, бірлігін сақтауы, құрбандық пен жанқиярлық құндылықтарына адалдығы елдің өз тағдырын өзі айқындауға және қандай қиындық болса да өзінің заңды құқықтарын қорғауға қабілетті екенін дәлелдеді.

Қараша революциясы Алжирдің ұлттық тәуелсіздігін қалпына келтіруіне жол ашып қана қоймай, кейінгі ұрпақ үшін әлі күнге дейін негізгі бағдар болып отырған қағидаттар мен құндылықтар жүйесінің қалыптасуына негіз болды. Олардың қатарында Отанға адалдық, халық бірлігі, ұлттық егемендікті берік ұстану, әділеттілік пен халықтар арасындағы ынтымақтастыққа деген сенім ерекше орын алады.

Осы тарихи күнді атап өту өткеннің даңқты белестерін еске алумен ғана шектелмейді. Ол шейіттердің құрбандықтарының арқасында қол жеткізілген жетістіктерді сақтап, олардың күресінен тағылым алуды талап етеді. Сонымен қатар бұл күн бізді заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын, ұлттық негіздері мен төл құндылықтарына берік, қуатты әрі өркендеген Алжирді қалыптастыру жолындағы күш-жігерімізді жалғастыруға үндейді.

Осы орайда біз революция және азаттық жолындағы күрес ұрпағына деген алғысымыз бен ризашылығымызды тағы да білдіріп, Алжирдің одан әрі ілгерілеуі, тұрақтылығы мен дамуына жол көрсететін мәңгілік бағдар болып қала беретін Қараша революциясының мұраттарына адалдығымызды растаймыз. Сондай-ақ еліміздің азаттық мұрасына адалдық таныта отырып, әділетті халықаралық істерді, бейбітшілік пен ынтымақтастық қағидаттарын, мемлекеттердің егемендігін құрметтеу және халықтардың өз тағдырын өзі айқындау құқықтарын қолдаудағы рөлін ерекше атап өтеміз.

Сөзімді қорытындылай келе, Алжирдің даңқын асқақтатқан ардақты шейіттеріміздің рухына бас иіп, олардың кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған мұрасын сақтауға, Отанымызға қызмет етуге, оның бірлігі мен абыройын қорғауға деген адалдығымызды тағы да қуаттаймыз.

 

Жасасын Алжир! Ардақты шейіттерімізге мәңгілік даңқ пен құрмет!

Уағалейкум ассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ!

Барлық құқықтар қорғалған - Сыртқы Iстер Министрлігі және Шетелдегі Ұлттық Қоғамдастық - 2023